Панфилов ауданындағы шекара маңындағы Атамекен ауылында орналасқан №273 сайлау учаскесінде дауыс беру күні көлік-логистикалық торап қызметкерлерінің белсенділігімен басталды.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін қамтамасыз етіп, халықаралық логистиканың үздіксіз жұмысын және жүк қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар – «Құрғақ порт» пен Алтынкөл шекаралық теміржол стансысының ұжымдары өз таңдауларын алғашқылардың бірі болып жасады. Олар учаскеге ұйымдасқан түрде келіп, тіркеуден өтіп, бюллетеньдерін алды.

Сайлау учаскесінде қызметкерлердің жұмыс кестесіне кедергі келтірмей, барлық рәсімдерден жылдам әрі ыңғайлы өтуі үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалды.

Алтынкөл станциясының тауар кассирі Олжас Мұстафаев:

–Біздің ауысымдық жұмыс кестеміз жоғары тәртіпті талап етеді. Дегенмен дауыс беруді ешкім жіберіп алғысы келмеді. «Құрғақ порт» пен теміржол тораптарының ұжымы үшін елімізде экономикалық тұрақтылықтың сақталуы маңызды. Біз шекарада жұмыс істейтіндіктен, мемлекеттік шешімдердің тауар айналымы мен арнайы экономикалық аймақтың дамуына қалай әсер ететінін бірінші болып көреміз. Таңертең дауыс беру – азаматтық міндетті орындау ғана емес, сонымен қатар жұмыс күнін жақсы көңіл-күймен бастауға жасалған қадам, – деді.

№273 сайлау учаскесіне еңбек ұжымы бірге келді. Олардың қатарында ауысым шеберлері мен операторлардан бастап, басшылыққа дейінгі қызметкерлер бар.

«Сайлау барысын біздің ұжым ерекше кәсіби қызығушылықпен бақылап отыр. Құрылтай Қазақстанның даму бағытын айқындайды. Бұл ретте көлік-логистикалық әлеует пен негізгі инфрақұрылымдық нысандардың маңызы зор. Біздің міндетіміз – мемлекеттік басымдықтарды үздіксіз жұмыс, жоғары тәртіп және кәсіби біліктілік арқылы жүзеге асыруға үлес қосу», – дейді «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА қызметкерлері.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *