Текелі қаласындағы «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің мүшелері бүгінгі республикалық референдумда қаладағы дауыс беру учаскелеріне барып, шашу шашып, ән салып, ізгі тілектерін арнады.
Ақ әжелердің бір тобы №447 дауыс беру учаскесінде өз таңдауларын жасап, дауыс берді.
«Еліміздің өсіп-өркендеу жолындағы маңызы зор таңдау болғандықтан, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып жүрген әжелер ансамблі қолдау танытайық, жастарға батамызды берейік, мерекелік көңіл-күй сыйлайық деп дауыс беру учаскелерін аралап жүрміз. Өзіміз де елімізге, жерімізге жанашыр азамат ретінде даусымызды бердік. Халықтың көңіл-күйі тамаша. Жерлестерімнің азаматтық белсенділік танытып, мемлекетіміздің келешегі үшін үлестерін қосып жатқанына ризамын», – деді «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Бектұрова.