1 сәуірден бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау науқаны ресми түрде басталды. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратура бағдарламаларына 200-ге жуық адам, ал докторантураға 12 адам қабылданады деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, өткен жылдармен салыстырғанда магистратураға арналған мемлекеттік грант саны 80-ге жуық артты. Үміткерлер 1 маусымға дейін admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта өтініш бере алады.
Биылғы оқу жылының басты жаңашылдықтарының бірі – «ЕМВА – Іскерлік-әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» сияқты жаңа білім беру бағдарламаларының енгізілуі. Сонымен қатар, бірнеше бағыттардың ғылыми-педагогикалық бағытқа ауысуына байланысты «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар» және «Экономика» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 2 жылға дейін ұзартылды. Ал «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» мамандығының атауы жаңартылып, оқу уақыты 1,5 жылға дейін ұлғайтылды.
Оқуға түсу үшін үміткерлер мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес дәрежеде білуі тиіс, бұл QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаттарымен расталуы қажет. Жекелеген магистратура («Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар») және барлық докторантура бағдарламалары үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар (IELTS, TOEFL және т.б.) болуы – міндетті талап. Құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік қызметшілер үшін мекеме жолдамасы мен қызметтік тізімі, ал өзге үміткерлер үшін еңбек өтілін растайтын құжаттар талап етіледі.
Конкурстық іріктеу процесі маусым айында үш кезең бойынша жүзеге асырылады: аналитикалық эссе жазу, офлайн форматтағы сұхбат және докторанттар үшін зерттеу жоспарын (research proposal) қорғау. Іріктеудің қорытынды нәтижелері 10 шілдеде жарияланып, оқу процесі 1 қыркүйекте басталады. Грант иегерлерінен бөлек, шекті балды жинаған үміткерлер үшін өзге де қаржыландыру көздері есебінен білім алу мүмкіндігі қарастырылған.