Қоғамдағы гендерлік зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қауымдастықтың ортақ мәселесі. Осы маңызды проблеманы жұртшылықтың назарында ұстап, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында орталық Арбат алаңында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық науқаны аясында Orange Day атты ерекше акция өтті.
Іс-шара барысында алаңға арнайы ақпараттық баннер орнатылып, қала тұрғындары зорлық-зомбылыққа қарсылық таныту белгісі ретінде өз қолтаңбаларын қалдырды. Бұл қадам – үнсіз қалмауға, әділетсіздікке көз жұма қарамауға шақыратын маңызды символ болды.
Сонымен бірге алаңда «ORANGE» қорабы қойылып, оған кез келген адам гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты анонимді сауалдарын немесе өзіне мазалаған мәселелерін жазып қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Жиналған сұрақтарға «Жетісу жастары» ұйымының психологы жауап беріп, пайдалы кеңестер мен түсіндірмелер әлеуметтік желілерде жарияланды.
Бұл акция – зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұрудың, әр адамның құқығы мен қадір-қасиетін қорғаудың маңыздылығын қоғамға жеткізудің жарқын үлгісі. Мұндай бастамалар қауіпсіз, әділ әрі бір-бірін қолдай білетін қоғам қалыптастыруға үлкен үлес қосады.