Қарттар күніне және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Талдықорған қаласында ерекше мағынаға ие қайырымдылық шарасы өтті. Бұл бастама аға буын өкілдеріне деген сыйластықты іс жүзінде көрсетіп, жастар арасында мейірімділік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруды мақсат етті.
Шара барысында еріктілер тобы ауған соғысының ардагері Бұлғын атаға тұрмыстық көмек көрсетіп, үйінің ауласын тазалап, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты. Ардагердің шаңырағында 10 волонтер белсенділік танытып, қажетті тазалық жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік қолдау көрсетті. Жастар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, қарияға деген шынайы құрмет пен қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты — аға буынға қамқорлық танытып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еріктілік қызметті кеңінен насихаттау болды.
Қарттарды құрметтеу – халқымыздың қастерлі құндылықтарының бірі.
Мұндай ізгі істер қоғамда қайырымдылық пен рухани үндестікті арттырып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді.
Игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.