Жетісу облысы полиция департаменті өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында заманауи цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әлімбет Смайлов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
Қазіргі таңда облыс аумағында 20 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 1 200-ден астамы департаменттің өз қаражаты есебінен қойылған. Камералар Жедел басқару орталығына біріктірілген. 2025 жылдың көктемінен бастап «Target AI» жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Ол арқылы бет-әлпетті тану және құқық бұзушылықты автоматты анықтау мүмкіндігі іске қосылған. Осы жүйенің көмегімен іздеуде жүрген 6 адам ұсталды.
Бейнебақылау жүйесі тек көшелерде ғана емес, әлеуметтік нысандарда да орнатылған. Бүгінде облыстағы 321 мектептің 279-ы қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Барлық білім беру мекемелері жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералармен және дабыл түймелерімен жабдықталған.
Полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты жақсарту үшін омниканалды өтініш қабылдау жүйесі іске қосылды. Енді азаматтар полицияға «EgovMobile», Kaspi.kz, Halyk Bank және ID102 қосымшалары арқылы хабарласа алады. Жүйе іске қосылғалы бері 300-ден астам өтініш тіркеліп, жауапты мамандарға жолданған.
Қоғамдық орындарда төтенше жағдай кезінде жедел көмек шақыруға арналған «SOS» батырмалары орнатылуда. Қазір облыс бойынша 16 батырма жұмыс істейді, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 8 батырма орнату жоспарланған.
Сондай-ақ облыс орталығы мен аудандарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған автоматтандырылған бақылау жүйелері белсенді жұмыс істеп тұр. 92 бақылау бекетінде 500 бейнекамера орнатылған. «Сергек» және «Мерген» жүйелері арқылы көлік қозғалысы бақыланып, жол ережесін бұзған фактілер автоматты түрде тіркеледі.
Жол қозғалысын бақылаудың тағы бір жаңа тетігі – «Қорғау» мобильді қосымшасы. Қосымша патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне орнатылып, іздеудегі көліктер мен заң бұзған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «TOR» жүйесі жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде талдап, апат қаупін алдын ала болжауға бағытталған.
Қызмет сапасын арттыру және полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері смарт-бейнежетондармен жабдықталып жатыр. Бұл құрылғылар қызмет барысын бейне және аудио түрінде тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, облыс бойынша 10 аудан мен қала бөлімшелерінде «Жаппай бейнебақылау» жобасы жүзеге асырылып, 796 бейнекамера орнатылды. Бейнебақылау барлық қызметтік бөлмелерді қамтып, халықпен жұмыс істейтін бөлімшелерде қауіпсіз әрі ашық қызмет жүргізуге жағдай жасалған.
