Ел тағдырына қатысты маңызды оқиғадан Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де қалыс қалмай, өз дауыстарын берді.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ел тағдырын шешетін бұл науқаннан тыс қалмады. Құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы өз таңдауларын жасап, алғашқылардың бірі болып дауыс беруге кірісті.
Таңғы сағат 06.00-де 5571 әскери бөліміндегі №107 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов келіп, дауыс берді. Екінші «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевте өз таңдауын жасады.
— Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері барлық уақытта жоғары азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рух танытады. Ұлттық ұлан еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына жауап беретін әскери құрылым. Бүгінгі сайлауға әрбір әскери қызметші белсенді қатысып, өз таңдауларын жасайтынына сенімдімін, — дейді генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешевтің айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары. Әскери қызметшілердің жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы мүшелері де саяси науқанға түгел қатысуда.
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлікке қарасты әскери бөлімдердің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгерлері әскери қалашықтар аумағында орналасқан 10 сайлау учаскесінде дауыс беруде.
Айта кетейік, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде сайлау құқығы бар он мыңға жуық азамат қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі